Көңіліме тәкәппарлық келуінен қорқтым

Аллаһу та'аланың әулиелерінен болған бір кісі, Рамазан айында шәкірттерімен бірге бір қалаға бару үшін жолға шығады. Қалаға жақындаған кезде бір топ адамдардың оларды қарсы алу үшін жолдарды толтырғандарын көреді. Мүбәрак кісі, бірден дорбасынан қатқан нанды шығарып аузына салады. Бұны көрген көпшілік, «Біз бұл кісіні үлкен ғалым, әулие деп білетін едік, ал бұл болса Рамазан айында ораза тұтпапты, оның үстіне бәрінің көзінше нан жеп келе жатыр. Бұндай адаммен сөйлесуге бола ма?» деседі де, тарап кетеді.
Шәкірттері бұл істеген әрекетінің себебін, хикметін сұрағанда,  «Соншалықты адамның біз үшін көшелерді толтырғандарын көргенімде көңіліме тәкәппарлық келуінен қорқтым, олардың көзінде төмен болып көрініп, нәпсімді түсіру үшін осылай істедім. Нанды шайнадым, бірақ жұтпадым. Көргендердің бәрі мені нанды жеп қойды деп ойлады. Көңіліме тәкаппарлық орналасып, Аллаһу та'аланың азабына себеп болсам, жағдайым не болар еді?» деді.